Шардара ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарын ағын сумен қамтамасыз ету және ағын су тарифі мәселелері бойынша мәжіліс өтті.
Мәжіліске аудан әкімі, мәжіліс төрағасы Қ.Жолдыбай, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақов, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының басшысы М.Керімжанов, «Қазсушар» РМК ТОФ Шардара өндірістік бөлімшесінің басшысы және бөлімше қызметкерлері Е.Иса және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері мен ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшылары қатысты.
Жиында аудан әкімі Қ.Жолдыбай ауыл шаруашылығы дақылдарын ағын сумен қамтамасыз ету және ағын су тарифі мәселелері туралы сөз қозғады. Көтерілген мәселелерге байланысты Қазсушар» РМК ТОФ Шардара өндірістік бөлімшесінің басшысы Е.Иса ауданда су шаруашылығы саласында (Қызылқұм магистралды каналының қазіргі жағдайы, ауыл шаруашылығы дақылдарына ағын суды босатылу барысы, ағын судың тарифі жайлы және т.б.) атқарылып жатқан жұмыстар барысын қысқаша айтып, шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда: қазіргі таңда орташа есеппен 80,0 текше метр ағын су босатылып жатқандығын, шілде айының екінші бөлігінде 110,0 текше метрге дейін суды ұлғайтып босататындығын, бұл жөнінде Су ресурстары комитетіне сұраныс хат жолданғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар «Бірлік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Б.Жора бірқатар мәселелерді шешуге үшін ұсыныстарын ортаға салды. Ағын судың тарифі, бағаның жоғары болуы, босатылатын ағын су көлемін ұлғайту және каналдарды тазалау мәселесін қозғады. Ал «Жайсан» АӨК төрағасы Ж.Әшімтаев 1 га жерге ағынсуға кететін шығын көлемі қалтаға ауыр тиетінін жеткізді.
Мәселенің мән-жайына қанық болған Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақов өз кезегінде жоғарыда айтылған келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында әрбір ауылдық округтерде орналасқан және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне сенімгерлікке берілген коммуналдық меншіктегі ағынсу каналдарын «Қазсушар» РМК немесе облыс әкімдігіне қарасты «Тұрансу» мекемесіне меншігіне өткізу қажеттігін айтып, ағынсудың тарифі 740,0 теңге жоғары және осыны 421,0 теңге көлемінде қалдыру керектігін, яғни әрбір шаруа 1 га 9000,0-10000,0 теңге төлеу керектігін атап өтті. Сондай-ақ басқарма басшысы егіс басындағы қауа арықтарына мемлекеттік акт алынса, 50 пайыз көлемінде инвестициялық субсидия қарастырылатынын жеткізді.
Бұл тұрғыда «Қазсушар» РМК ТОФ басшысы М. Керімжанов ішкі каналдарды республикалық меншікке алуға қарсы емеспіз, ағымдағы жылдың 19 шілдесіне дейін ағынсу тарифін 421,0 теңгеге төмендету бойынша шешім қабылданады немесе КПД-ны азайтамыз деді.
Күн тәртібіндегі мәселені талқылай келе, АӨК басшыларының ұсыныстарын ескере отырып мәжіліс қорытындысы бойынша: Ауыл округтерде орналасқан ішкі ағынсу каналдарын «Қазсушар» РМК арқылы республикалық меншікке немесе облыс әкімдігіне қарасты «Тұрансу» ЖШС мекемесі арқылы облыстық меншікке өткізуге ұсыныс енгізу, ағынсу тарифін 740,0 теңгеден 421,0 теңгеге дейін төмендету, ағын су тарифін төмендету үшін төленетін субсидия туралы қағиданы қайта қарау арқылы өзгеріс енгізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс беру бойынша жұмыстар атқарылатындығы айтылды.
Сонымен қатар, 9 шілде -Су шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі күніне орай, аудан әкімі «Қазсушар» РМК Шардара өндірістік бөлімшесінің бірқатар қызметкерлерін «Алғыс хатпен» марапаттады.