Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» Жолдауын жүзеге асыру бағытында, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылыларды анықтауға құрылған жаңа «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы Түркістан облысында іске қосылды.
Қолданысқа енгізіліп жатқан бағдарламаның қалай іске асатынын таныстыру барысында патрульдік полиция қызметкерлері рейдтік-профилактикалық тексеруге шықты. Нәтижесінде полицейдің планшетіне облыс орталығындағы Әмір Темір мен Б.Саттарханов даңғылы бойында кетіп бара жатқан «Ауди» маркалы көліктің сақтандыру полисін тексеру керектігі жөнінде белгі берілді. Дабыл түсісімен полицейлер аталған көлікті тоқтатып, құжаттарын тексерді. Анықталғандай, жүргізуші сақтандыру полисін алғанымен, онысын электронды түрде тіркемеген болып шықты. Полицейлер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Өздеріңізге белгілі жүргізушілер тәртібін арттыруда жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтайтын осындай «Қорғау» секілді автоматты жүйелер маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 56 автоматты зияткерлік камера орнатылған. Жалпы жыл басынан бері Түркістан облысында 195 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталса, оның ішінде 150 мыңға жуығы жол қозғалысы ережесіне қатысты, ал камералардың көмегімен жол бойында орын алған 70 мыңға жуық заң бұзушылықтар анықталған.
Сонымен қатар Түркістан облысында жыл басынан бері 212 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 286 адам жарақат алып, 51 адам қайтыс болған. Мас халдегі жүргізушілердің қатысуымен 25 жол апаты тіркелген. Жол-көлік оқиғалары республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда 57, жергілікті маңызы бар жолдарда 73, елдімекендерде 82 дерек болған. Маневр жасау ережелерін бұзудың 14, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 29 жайты анықталған. Ал мұндай статистика көрсеткішін жақсартып, жол апатын азайтуда, жүгенсіз жүргізушілерді анықтап, қылмыстың алдын-алуда полицияға «Қорғау» бағдарламасы таптырмас жоба.
Расымен, жыл сайын республика жолдарында 2000-нан астам адамның көз жұматыны орны толмас өкінішті жағдай болып отыр. Осы орайда жол-көлік оқиғалары мен бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзушылардың санын азайту, аталмыш жаңа «Қорғау» бағдарламасының еншісінде. Ішкі істер министрінің тапсырмасымен әзірленген «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасында облыста орнатылған бейнебақылау камералары, Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталықтары мен мобильді қосымшаларының мүмкіндіктері біріктірілген. Яғни жедел басқару орталығындағы полиция қызметкерлеріне көшелерде қойылған бейнебақылау камераларына түскен құқықбұзушы көлік туралы ақпарат келеді. Атап өтсек, жаңадан енгізіліп жатқан бағдарлама көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілерді, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз жүргендерді бірден анықтайды. Оларды ұстау қажеттілігі туралы ақпарат түскен бойда сол аумаққа жақын жүрген тәртіп сақшылары қолдарындағы қызметтік планшеттері арқылы апаттың алдын алу шараларын қабылдайды, жүргізушінің жүрген орны туралы мәліметті көре алады.
Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрі Марат Ахметжанов «қағазға емес, халыққа қызмет ету керек!» деп баса айтқан болатын. Ендігі кезекте Түркістан облысының полицейлері министрдің тапсырмасын орындауда, тек есеп берумен шектелмей, жұмысты одан ары жандандырып, халық үшін үздіксіз қызмет ете бермек. Еліміздің тұрғындарының жолдардағы қауіпсіздігі үшін, оның алдын алу тиімді.