Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » БАЛАЛАРДЫҢ СКРИНИНГТІК ТЕКСЕРУІ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

БАЛАЛАРДЫҢ СКРИНИНГТІК ТЕКСЕРУІ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

«Балалар жылына орай жаңа туған сәбиден 17 жасар жасөспірімдерге дейін қамтитын скринингтік тексерудің ауқымы кеңейді. Биыл Шымкент қалалық №6 емханасында 28 161 баланы скринингтен өткізу жоспарланған болатын. Жарты жылдық қорытындыға сәйкес, скринингтен өткендердің саны 16 946-ға жетіп отыр. Яғни, 60 пайыздан астамы тексеруден өтіп, оның 4224-і денсаулығынан анықталған дертіне байланысты «Д» есепке алынды».
Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаева Ақпараттық-коммуникациялық орталықтың көшпелі брифингінде осылай деді.
Емхана дәрігерлерінің айтуынша, жалпы тәжірибелік дәрігерлер скринингтік тексеруден өткен балалардың талдама қорытындыларын зерделеп, дерті бар балаларды тиісті бейінді дәрігерлердің кеңесіне жолдайды.
— Профилактикалық медициналық қарап-тексеру аяқталғаннан кейін бейінді мамандардың қорытындысы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулерді ескере отырып, педиатр, терапевт немесе жалпы тәжірибелік дәрігерлер кешендік бағалау жүргізіп, балалардың «денсаулық тобын» айқындайды.
Мәселен, 1топқа дені сау балалар, ал 2 топқа дені сау, бірақ функциялық ауытқулары бар, сондай-ақ жіті және созылмалы ауруларға қарсы тұру қабілеті төмен балалар алынады. Ал, денсаулығына байланысты диспансерлік есепте тұратындар 3, 4, 5 топ тізіміне алынып, тиісті бейіндік дәрігерлер динамикалық бақылау және сауықтыру жұмыстарын жүргізеді, — деді Айгүл Орынбасарқызы.
Емханадағы «Аудиограмма» бөлмесінің жауапты мейіргері Ш.Самбетованың айтуынша, мұнда жаңа туған сәбиден бастап 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің есту қабілеті толығымен тексеруден өтеді.
— 2021 жылдың соңында емханаға отоакустикалық эмиссияны және есту әсерінен туындаған әлеуетті тіркеу әдісімен аудиологиялық скринингке арналған құрылғы алынып, мамыр айында іске қосылды. Мұнда арнайы медициналық нұсқаулыққа сәйкес, 3 айлық сәбилер, 1-2 және 3,6 жасар бүлдіршіндер тексеруден өтіп жатыр. Биыл аудиоскрининг аппаратынан 5360 баланы өткізу жоспарланып, бүгінге дейін 1421 бүлдіршінді қамтылды, — дейді Ш.Самбетова.
Айта кетейік, Шымкент қалалық №6 емханасына 64 899 тұрғын тіркелген. Оның 26022-сі 14 жасқа дейінгі балалар.
З.АЛДАБЕРГЕНОВА
Фото: С.ҚОСАЕВ

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*