Ордабасылық полицейлер екі бірдей тұрғынның атынан несие рәсімдеген күдіктіні ұстады, деп жазады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгінде алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, әртүрлі себептермен елдің қалтасын қағып, жұртқа миллиондап несие рәсімдеуді тоқтатар емес. Жұрт ірі сомадағы қаражатынан қағылып, көпшілігі қарызға батып жатыр. Полицейлер мен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне осы бойынша арызданушылар көбейген. Азаматтардың қаржылай сауатсыздығы мен сенгіштігі оларды сергелдеңге түсіріп отыр дейді тәртіп сақшылары.
Түркістан облысы, Ордабасы аудандық полиция бөліміне екі бірдей жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Онда жәбірленушілер өздерінің танысы жеке басын растайтын мәліметтерді пайдаланып, шағын несие беру ұйымдарының бірінен несие рәсімдеген. Олардың біріншісінен 40 000 теңге, екінші жәбірленушінің атынан 240 000 теңге несие алған. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 300 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшыларының жедел іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар Шымкент қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Сақшылар жас әйелді аудандық полиция бөліміне жеткізді. Тексеру кезінде күдікті әйелдің бұған дейін де сотты болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері алаяқтың құрбаны болмауға шақырады. Күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға жеке басты куәландыратын құжаттарды бермеуге кеңес береді. Егер де, сіз, алаяқтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.