Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған күдіктілерді ұстады

Алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған күдіктілерді ұстады

Кентаулық полицейлер дүкенде тұрған сөмкеден алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған күдіктілерді ұстады, деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан облысы, Кентау қалалық полиция бөліміне әйел адам арызданды. Оның айтуынша, белгісіз біреулер дүкен ішінде тұрған қара сөмкесінен алтын бұйымдары мен ақшасын, сонымен қатар сөреде тұрған 8 дана ішімдікті ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 400 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полицейлер Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде күдікті ретінде бұрын сотты болған екі ер адам ұсталды. Олар бір-біріне көршілер болып келеді. Анықталғандай екі көрші зат сатып алуға дүкенге кірген. Содан ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, оңай олжалы болуды көздеген. Қолдарына ілінген бөтеннің мүлкін жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қос ер азаматтан алтын бұйымдар тәркіленіп алынды. Күдіктілер ұрлаған алтын бұйымдарды жасырып қойып, ұрлаған ішімдіктерді ішкен. Қазіргі таңда екі жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін дүкендерге, ғимараттарға, тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Сонымен қатар, өздеріңіздің жеке мүліктеріңізге сақ болуды ескертеді.
Егер де сіз осы секілді қылмыстың куәгері немесе зардап шегушісі болсаңыз, дереу «102» нөміріне хабар беріңіз.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*