Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қайсын болмасын да қатты алаңдататыны айқын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы аса қауіпті індет болған соң, елімізде оған қарсы күрес қарқынды жүруде. Жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі бастамалар көтеріліп, жиындар ұйымдастырылып келеді.
Мәселен, жуырда Төлеби аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлықты болдырмау хақында мәжіліс өтті. Жиынға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша басқарма басшысы Ержан Жүнісов, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев пен қоғамдық кеңес мүшесі Сейтхан Ақтаев және полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Жиынның негізгі мақсаты, елімізді қорғау саласына өз үлестерін қосып жүрген полицейлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, заң бұзушылықтарға жол бермеу. Полиция қызметкерлеріне қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес, әрбір мемлекеттік орган басшысы өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барысында тұрақты түрде түрлі шараларды қабылдап отыру жайлы сөз қозғады. Кездесуге келгендер біріккен арнайы бағдарламаларды жасақтауды, оларды жүзеге асыруда насихат жұмыстарын жүргізуге қолдау білдіретіндіктерін айтты. Жиын соңы өзара пікір алмасуға ұласты.
Қазақстан Республикасының әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білсе еліміздің дамуы бұданда биік дәрежеге көтерілетіні хақ. Жалпы, кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптетерінің арасында осы бір қағидаларды ұран қыла білсе, бұл індеттің түбімен жойылатыны анық.