Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Түркістан облысының полицейлері алматылық ер адамнан 1 келіге жуық гашиш тапты

Түркістан облысының полицейлері алматылық ер адамнан 1 келіге жуық гашиш тапты

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі затын сақтап, тасымалдаумен айналысты деген күдікпен Алматы облысының тұрғынын ұстады. Нақтырақ айтсақ, полицейлерге есірткі қылмысы бойынша шұғыл ақпарат түскен. Осының негізінде тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша СДТБТ-ға енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды.
Хабарламада көрсетілген жайтты анықтау, күдіктіні ұстау мақсатында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Күдіктінің жүруі мүмкін аймақ анықталып, жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Осылайша жедел уәкілдер Сайрам ауданына қарасты республикалық «Алматы-Ташкент» тас жолының бойында орналасқан жанармай құю бекетінің маңында күдікті ретінде жаяу кетіп бара жатқан жолаушыны ұстады. Оның жеке басына тінту жүргізу кезінде, қолындағы сөмкесінің ішінен 14 дана полиэтилен пакетке салынған қоңыр-жасыл түсті айрықша иісі бар есірткіге ұқсас зат табылды. Әрі қарай күдікті өз еркімен өзіне тиесілі әмиянынан 1 дана пакетке салынған, сондай-ақ 1 дана қағазға оралған есірткіге ұқсас ұнтақ және «Трамадол» жазуы бар 5 дана психотроптық дәрісін тапсырды. Полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында табылған айғақты заттар толығымен тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес сөмкеден алынған заттың салмағы 1 келіге жуық «гашиш» болып шықты. Ал әмияннан алынған пакеттегі зат 1,5 грамм синтетикалық есірткі, қағаз орамадағы зат 1 грамм «героин» екені расталды.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады. Күдікті қамауға алынды.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға тыйым салынған заттарды қолданып, сатуға, сақтауға болмайтынын, әр құқық бұзушылыққа заңға сәйкес шара көрілетінін ескертеді. Жалпы есірткі қолдану, бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға қауіпті екенін айтып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*