Түркістандық полицейлер ашық аспан астында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясын өткізді, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпарттық агенттігі.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясын өткізді. Акцияның негізгі мақсаты –әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, қабылданып жатқан шаралармен таныстыру. Сондай-ақ, ана мен баланы қорғап қана қоймай, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту.
Аталған акция барысында әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі секторының психолог маманы Алия Базарбайқызы, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Аселхан Божикенова қала аумағындағы «Жеңіс» саябағында ашық аспан астында мұғалімдер мен жасөспірімдердің қатысуымен флешмоб өткізді. Іс-шара барысында халықты ақпараттандыру үшін қоғамдық орындарда 400-ге жуық жаднамалар таратылды.
Сонымен қатар зорлыққа тап болған әйелдерге өздерінің құқықтары қорғалатындығы туралы кеңес берілді. Полиция қызметкерлері бұндай шаралар әйелдердің құқығын қорғайтын ең маңызды кездесу екендігін айта кетті. Және алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Акцияның негізгі мақсаты – көпшілік халықты отбасында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу және оның жолын кесу, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту болып табылады.
Мамандар тек акция аясында емес, жыл он екі ай күндіз-түні жәбір көрген нәзік жандыларға қол ұшын созуға қашан да дайын. Егер де Сіз отбасындағы зорлық-зомбылыққа душар болсаңыз үнсіз қалмауға кеңес береді. Осы мақсатта арнайы «102» сенім телефоны тәулік бойы кез-келген нөмірден тегін жұмыс жасайтындығын еске салады.