Түркістанда орта жастағы әйел азаматтық некедегі күйеуінің үстінен арызданды, деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Орта жастағы әйелдің айтуынша, сағат 08:00 шамасында бұрынғы азаматтық некедегі күйеуімен жанжалдасып қалған. Салдарынан күйеуі әйелінің сөмкесіндегі «Самсунг Ж1» маркалы ұялы телефоны мен 800 теңге ақшасын өзінше билік етіп, алып кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 389/1-бабы «Өзінше билік ету» бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден келіп жетті. Олар күдіктіні жедел-іздестіру нәтижесінде жарты сағат ішінде жақын аумақтағы дүкендердің бірінен ұстады.
Анықталғандай, күдікті ер адам Қостанай қаласының тұрғыны. Ол әйелімен бір ай уақыт бойына ажырасып жүрген. Екеуі көшеде кездесіп қалып, ол әйелдің үйіне еріп келген. Арада болған жанжал салдарынан осындай әрекетке барған. Күдіктіден айғақты зат ретінде ұялы телефон мен ақша алынып, иесіне қайтарылды. Сезікті ер адам бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият және өз мүліктеріне ие болуды ескертеді. Мүмкіндігінше тұрғын үй айналасына бейнебақылау құрылғыларын орнатқан жөн. Сондай-ақ заңға қайшы іс-әрекеттерді жасамауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады. Егер, сіз, заңсыз әрекеттердің құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.