Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының полицейлері түнде жайылымдық жерден жылқы ұрлаған күдіктіні қамауға алды, деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Сарығаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, түнгі уақытта өз үйінің маңындағы жайылымдық жерден жылқысын белгісіз азамат ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 700 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-1-бабы бойынша тіркеуге алды.
Хабарламаны естіген бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына келіп жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырып, жақын аумақтарды түгел қарап шықты. Олардың жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті жергілікті тұрғын екені белгілі болды.
Анықталғандай күдікті ер адам түнде жайылымнан жылқыны ұрлап, оны Шымкент қаласына апарып сатқан. Ұрлаған жылқыны сатып, ақшасын қажеттілік үшін жаратып жіберген. Полицейлер сезіктінің бұдан өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Мал ұрлығының өсім алуының бірден — бір себебі азаматтардың малдың жоғалғаны туралы кеш хабарлауынан да болып жатады.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жайылымдық жерге малдарды қараусыз, бақташысыз жібермеуге кеңес береді. Сондай-ақ, мал ұстайтын аудан тұрғындарына үш жақты келісімшарт жасап, келеңсіз жағдайды болдырмас үшін малдарды құжаттандырып, сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.