Полицей деген атқа кір келтірмей, антынан айнымай сертінен таймай ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің ішінде биік белестерді бағындырып жүргендердің бірі Түркістан облысы Полиция Департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының жұмысын қадағалау және ұйымдастыру тобының инспекторы полиция капитаны Қуаныш Құрманғазыұлы Екузаев. Ол – әкесінің өмірде де, қызметте де ізбасары. Қуаныш Маңғыстау облысында дүниеге келіп, Түркістан облысы Жетісай қаласында орта білім алып, одан Қостанай қаласындағы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы академиясының түлегі атанды. Әкесі Құрманғазы Тоқтыбаев қаншама жыл ішкі тыныштықты сақтауда тыңғылықты жұмыстар атқарып, өзінің халыққа жақын полицей екенін дәлелдеп, учаскелік полиция инспекторы лауазымымен, полиция майоры шенімен атына кір келтірмей 2015 жылы зейнетке шыққан. Бір айта кетерлігі Қуаныш дәл осы жылы құқық қорғау саласындағы қызметін Жамбыл облысындағы ЖД-158/1 түзету мекемесінде тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторы болып, тәжірибе жинақтап бастады.
— Қызметтің сан-қырын біліп, үйренген артық етпейді. Дегенмен мен бала кезден қызығып, еліктеп өскен тұлға әкем болатын. Сол кісідей боламын деп алдыма мақсат та қойдым. Сөйтіп көп ұзамай Түркістан облысы Полиция Департаменті Мақтарал АПБ ЖПҚБ-де әкем қызмет атқарып зейнеткер атанған учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалдым. Міне содан бастап жұмысқа деген құлшыныс артып, қызметке деген жауапкершілік күшейе түсті. Халықпен жақын қарым-қатынаста болып, олардың сеніміне селкеу түсірмей, қоғам тыныштығы үшін барынша адал қызметімді жасадым. Өйткені менің мойнымда екі бірдей міндет тұрды. Бірінші-қазақ полициясының беделіне ешқандай нұқсан келтірмеу, екінші-сертінен таймай, елге деген адалдығын танытып кеткен әкемнің абыройына дақ түсірмеу.
Осындай үлкен жауапкершілікті сезініп, өзіне жүктелген тапсырманы тиянақты орындап жүрген капитанның еңбегіде елеусіз қалған жоқ. Ол үздіктер қатарынан көрініп, ІІ-дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен наградталған. Бұған қоса 10 жыл еңбек өтіліне орай «Ішкі істер органындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері де атанған. ІІМ-нен, облыстан алған грамота мен алғыс хаттары да жетерлік. Бүгінгі таңда Қуаныш 4 балаға әке атанған отбасының тірегі, қорғаны. Оның ішінде әлі жасқа толмаған егіз қызы көз қуанышына айналып отырғанын айта кеткен жөн. Жас капитан келешек әкесінен басталған бұл эстафетаны балалары жалғастырып жатса, нұр үстіне нұр болары айдан анық. Алайда бәрі уақыттың еншісінде, әркімнің өз таңдауы бар екені де белгілі. Ендеше қызметке деген адалдығы мен елге деген құрметі шексіз 28 жасар полицейдің қызметіне абырой, жұмысына сәттілік, отбасына бақыт тілейміз!