Жасөспірімдер кинологиялық орталыққа экскурсия жасады. Балаларға қызметтік полицей-иттердің жаттығуларын көрсетіп, кинологтардың жұмысымен таныстырды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Балалар жылы» аясында Түркістан қаласындағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін кинологиялық орталыққа экскурсия ұйымдастырды. Бүгінгі күні аталмыш орталықта 6 полиция иттері қызмет етеді. Олардың көмегімен қылмыстарды ашу, қылмыскерлерді ұстау, жарылғыш заттарды, оқ-дәрілер мен есірткі заттарын анықтау жұмыстары жүргізіледі.
Тәртіп сақшылары экскурсия барысында оқушыларға кинологтар немен айналысатынын және полицияда қызмет атқаратын иттердің түрлері қандай болу керектігін әңгімелеп берді. Полицейлер төртаяқты көмекшілердің ең басты қаруы қылмысты ашуға иіс сезу және есту қабілетінің мықты болу керектігін атап өтті.Экскурсия барысында полицей-кинологтар оқушыларға үйретілген қызметтік иттердің кәсіби дағдыларын, шеберлігін көрсетті. Сондай-ақ көмекші иттер берілген командаларды орындап, «қылмыскерді» залалсыздандырды, «есірткінің» жасырын муляждарын іздеді. Мәселен ит үйретушінің басшылығымен Гарди есімді қызметтік ит контейнерлердің бірінен есірткі муляжын тапты. Сонымен қатар тәртіп сақшылары ұшқыштарды, жаттығуға арналған арнайы құралдарды және қызметтік иттерді тасымалдауға арналған автокөлікті көрсетті. Бұның барлығын оқушылар асқан қызығушылықпен қарады.
Соңында балалар кинологиялық орталыққа танымдық экскурсия ұйымдастырғаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, естелікке суретке түсті.