Құқық қорғау саласында қызмет ететін полицейлердің арасында, бұл саламен етене жақын байланысып кеткен қызметкерлер де бар. Солардың бірі – Жасұлан Маратұлы Ерехан. Жасұлан үшін бүгін ерекше күн. 1992 жылы 23 маусым күні Қазақстан полициясы құрылса, ал 1998 жылы дәл осы күні болашақ сақшы дүние есігін ашқан болатын.
Жастайынан әкесіне еліктеп өскен Жасұлан өмір жолын құқық қорғау саласымен байланыстырып, мектепті бітіре сала ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түседі. Оқу орнын үздік бітіріп, криминалистика саласындағы алғашқы қызметін Кентау ҚПБ-да бастады. Міне бүгінде аталған полиция бөлімінде 3 жылдығын өткеріп, 24 жасты еңсеріп отыр. Әкесі подполковник Марат Смағұлов Түркістан облысы ПД Арнайы даярлық басқармасында өз жұмысын тыңғылықты атқарып жүрген абыройлы полицей. Мұндай жауапты қызметте қателікке жол бермей, барлық істе ұқыптылық таныта білетін әкесінен Жасұланның үйренері көп. Және үйренуден де жалықпайды. Криминалист болып алғаш қызметке тағайындалған күннен-ақ аға лейтенант түрлі пәтер ұрлығы, тонау қылмыстарын ашуда белсенді қимылдап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Өз жұмысына ынталанып, зор құлшыныспен кірісетін Жасұлан қызметке деген адалдығынан айнымауға тырысып, бар күшін салып жүр. Өзі спортпен де шұғылданып, салауатты өмір салтын жақсы ұстанады. Қазірде әріптестерінің арасынан оқ бойы оза шауып, футбол ойынынан түрлі бәсекелерде бақ сынап, полиция бөлімінің намысын қорғап жүр. Оны аяқ доп өнерінің әуесқой шебері десек те болады. Мінеки 24 жасқа аяқ басқан жас криминалистті туған күнімен құттықтай отырып, алдағы өміріне сәттілік тілейміз. Қызметінде абыройы асқақтап, әкесінің атын шығарып, ел үшін еткен еңбегі әділ бағаланып, келешек даңқы шыққан, есімі танымал сақшыға айналсын дегіміз келеді.