Полицейлер дүкенге ұрлыққа түсіп, ақша мен азық-түлік ұрлаған күдіктіні ұстады, деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Ұрлық түбі — қорлық. Кішкене тас ұрласаң да оның өтеуі бар. Жаза деген. Алайда өзгенің мүлкін өзінікіндей көріп, жымқырып кететіндер түбі ұсталатынын біле тұра тура жолдан тайқып жатады. Оған кез-келген қылмысты ашуға сүбелі үлес қосып жатқан құқық қорғаушылардың еңбегі зор.
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның азық-түлік дүкеніне сағат 19:30 шамасында белгісіз біреу кіріп, азық-түлік заттары мен кассада тұрған 20 000 теңге ақшасын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 300 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Тәртіп сақшылары хабарлама келіп түскен бойда оқиға орнына жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатындағы қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде күдіктінің бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын екені анықталды. Анықталғандай күдікті ер адам мас халде болған. Ол тас жол бойында орналасқан асхананың терезелерін бұзу арқылы дүкенге кірген.
Сезікті бөтеннің мүлкін ұрлап, қажеттілік үшін бас пайдасына жаратып жіберген. Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.