Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық полицейлер тұрғындардың малдарын ұрлаған үшеуді құрықтады, деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті екі бірдей тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның жайылымдық жерде арқандаулы тұрған әрқайсысының құны 300 000 теңге тұратын екі бас жылқысын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Екінші жәбірленуші ер адам, ауыл ішінде жайылып жүрген әрқайсысының құны 700 000 теңге тұратын 2 бас сиырын белгісіз біреудің ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 1 000 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-1-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары орын алған мал ұрлығы қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шықты. Полицейлердің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысыь бар үш жергілікті тұрғын ұсталды.
Тексеру кезінде анықталғандай ұйымдасқан үшеу қаражат табу мақсатында осындай әрекетке барған. Сезіктілер оңай жолмен келген бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетсек, Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығының алдын алу мақсатында, күнделікті іс-шаралар жүргізуде. Жайылымда қараусыз жүрген мал иелерін және құжатсыз тасымалдаумен айналысатын автокөліктерді анықтау жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Бұл бағыттағы жұмыстарға тек тәртіп сақшылары ғана емес, мал асыраумен айналысатын тұрғындар да өз үлесін қосса, ұрылардың арам пиғылын іске асыруға тосқауыл болар еді. Сондықтан төрт түлігімізге сақ болайық!
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды жеке мүліктеріне сақ болуға шақырады. Жайылымдық жерлерге малдарын бақташысыз жібермеуге кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.