Полицейлер суға түсу ережесін бұзған 32 баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырды, деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Тәртіп сақшылары суға шомылу маусымы кезінде су нысандарында қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында профилактикалық рейдтік іс-шаралар атқаруда.
Мәселен, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарына жасөспірімдерге суға шомылуға тыйым салынған жерлерге баруға рұқсат бермеу керектігін түсіндірді. Сонымен қатар балаларды қадағалап, суға шомылу анықталған жағдайда әкімшілік шара көрілетіндігі туралы ескерту жасады.
Полиция қызметкерлері тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, су айдындарына жақын орналасқан тұрғындар қауіпсіздік шараларын елемеуде. Осыған байланысты полицейлер аудандағы каналда шомылып жатқан балаларға судағы ережелер мен оның қауіпін айтты. Жасөспірімдерге кез-келген жерде ата-ананың қарауынсыз суға түспеуге, терең жерлерге бармауға кеңес берді. Полицейлер рейд кезінде суға шомылып жатқан балаларды анықтап, олардың үйіне барып, ата-аналарына Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 364-бабы 1-бөлігі «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 32 ескерту хаттамасын толтырды.
Жас балалардың суға шомыла білмеуі, адамдардың суда қауіпсіздік ережелері, шараларын орындамауы орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады. Бұдан бөлек, өзен-көлдердің маңында шомылуға тыйым салынған белгілер болса, шомылмаған абзал. Сондай-ақ, құтқарушысы жоқ, терең, иірімі бар өзен-көлдерге түспеңіздер!
Түркістан облысының полицейлері әр адамның өмірі маңызды екенін еске салады. Сондықтан жолда жүру мен суға түсу ережелерін әрдайым сақтау қажет. Суға тек қана рұқсат етілген орындар мен жағажайларда шомылыңыздар. Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпай, техникалык ескерту белгілерін есте сақтаңыздар!