«Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл» кәсіби мерекесіне орай Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында салтанатты шара өтті, деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан облысы, Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Ішкі істер органдарының ардагерлері, Жетісай ауданының әкімі М.Қадырбек және оның орынбасары А.Маханбетов, «Аманат» партиясы мен Жетісай аудандық мәслихат депутаттары мен ауданның құрметті азаматтары арнайы шақыртылды.
Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылып, алғашқы құттықтау сөзді әкімнің орынбасары А.Маханбетов алып, барлық полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысын жоғары дәрежеде атқарып жүрген ішкі істер органдары ардагерлері мен полиция қызметкерлерін Жетісай ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. «Аманат» партиясының атынан «Алғыс хаттарда» иелеріне табысталды.
Бұдан бөлек «Қазақстан Полициясы күні» мерекесіне арнайы дайындалған Жетісай аудандық полиция бөлімінің құрылуы тарихынан бүгінгі күнге дейінгі кезеңін қамтыған бейнеролик көрсетілді.
Марапаттау рәсімін полиция бөлімінің бастығы Ермахан Абдраманов жалғастырып, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің арнайы төсбелгі, грамота және ардагерлер мен қызметкерлерге Алғыс хатын табыс етті.
Салтанатты жиын соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, келгендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Еске сала кетейік, биыл Қазақстан Республикасының полициясының құрылғанына – 30 жыл толып отыр. 1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі полицияның қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болып табылатын «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. 2007 жылы осы күні Қазақстанда Полиция күні ретінде бекітілген болатын. Содан бері әр жылы осы күн полиция күні ретінде аталып өтіп келеді.