Полицейлер тұрғынның 800 келіден астам етін сатып алып, ақшасын бермей қойған алаяқты ұстады, деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Халық арасында кеңінен таралған қылмыс түрі – алаяқтық десек артық айтқандық емес. Қоғамда өршіп тұрған өзекті мәселені жою мақсатында сан түрлі шара қолданылғанымен азаймай келеді. Бұл жерде алаяқтықтың күре тамыры күн санап тереңге бойлап, қарапайым халық зардап шегуде. Басты нысаны адамды алдап, қолындағы барын жымқыру болып табылады.
Түркістан облысы, Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оған бейтаныс әйел сойылған мал еттерін көтерме бағада сатып беремін деп сеніміне кірген. Ол жәбірленушіден 310 келі болатын жылқы етін, 555 келі болатын бұқа етін алып, алғашқы жарна ретінде 500 000 теңге ақшасын берген. Осылайша әйел сенімге кірген соң, қалған ақшасын қайтармай қойған.
Жәбірленушіге келген шығын көлемі 1 300 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Тәртіп сақшылары ақпарат алысымен алаяқтық қылмысын ашуға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті Қазығұрт ауданының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бүгінде алаяқтық күннен-күнге белең алып бара жатыр. Адамдар кез-келген сәтте алаяқтың құрбанына айналып кетуі мүмкін. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға барынша қырағы болып, алаяқтарға алданбауға шақырады.
Сондай-ақ кез-келген бейтаныс адамдарға сенім артудан абай болыңыздар. Және ақша беру, ақша алу сынды операциялар кезінде мұқият болуды ескертеді.