Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының полиция қызметкерлері 10-нан астам қару иесін анықтап, оларға арнайы шара көрді, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан Облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының қарасты аумақтарда «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Жедел-профилактикалық іс-шараның басты мақсаты — қарулар мен оқ-дәрілерді заңсыз айналымнан алу, оларды сатып алу және заңсыз айналымға түсу көздерін анықтау, сондай-ақ қару иелерінің оларды сақтау тәртібін тексеру. Мәселен, Сайрам аудандық полиция басқармасының полицейлері аудан аумағында 338 (үш жүз отыз сегіз) қару иесін тексерді.
Сондай-ақ, олардың ішінде қару сақтау ережесін бұзған сегіз тұлға анықталып, оларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 484-бабы 1-бөлігі «Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу» бойынша хаттама толтырды.
Сонымен қатар рұқсат беру мерзімінің аяқталу фактісі бойынша анықталған 4 адамға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 486-бабы 1-бөлігімен «Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзуына» байланысты арнайы әкімшілік хаттама түзілді. Бұдан бөлек полиция қызметкерлері 132 (жүз отыз екі) мал қора мен 106 (жүз алты) жылыжайды тексеріп, сондай-ақ, иелеріне арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.