Түркістан қалалық Полиция басқармасына «Жасыл Түркістан» мекемесінің қызметкерінен, белгісіз біреулер саябақтағы 1 дана қоқыс жәшігі мен 3 орындықты сындырып кеткені жайлы арыз-шағым келіп түсті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы ретте ақпарат алысымен Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері шұғыл әрекет етті. Бірінші кезекте кінәлілерді анықтау үшін арнайы учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылды.
Сонымен қатар, жедел-іздестіру шаралары атқарылды. Осы ретте жан-жақты сұрастырылып, бейнебақылау камералары жіті тексерілді. Соның нәтижесінде саябақта теріс әрекет жасағандардың әрекеті жазылған бейнежазба анықталды. Осылайша жас жігіттер тұрғылықты мекенжайларынан анықталды. Олар бір-бірімен көрші тұратын, жасөспірімдер болып шықты.
Анықталғандай, құқық бұзушы үш жасөспірім таңғы 04:55 шамасында қыдырып жүріп, қызық үшін өрескел әрекетке барған. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 202-бабымен «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру» сотқа дейінгі тергеп –тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, әрбіріміз қаламыздың тазалығына, әдемілігіне жанашырлық танытып, аулалар алдындағы демалатын орындықтар, сондай-ақ, көшелерге қойылған қоқыс жәшіктерін сындыруға жол бермеуіміз керек.
Сіздің ойланбай жасаған теріс әрекетіңіз үшін қылмыстық жауапкершілік барын естен шығармаңыз. Сондай-ақ темекі тұқылын, пісте қалдықтарын бейберекет шашпау қажет. Көше тазалығына жауапты азаматтардың да жұмысын бағалаңыз! Біздің қаланың болашағы – сіздердің қолдарыңызда!