Түркістан облысына қарасты Жетісай аудандық Полиция Басқармасына жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ер адамның айтуынша, оның егістік алқапта арқандаулы тұрған 2 бас өгізін белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 350 000 (үш жүз елу мың) теңгені құраған.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері хабарлама түсісімен жедел түрде іздестіру іс-шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын маңдағы ауылдар мен егістік алқаптарды қарап шықты. Мал базарлар мен оларға баратын жолдардағы көліктерді тексерді. Осындай жан-жақты тексеру нәтижесінде, ұрланған малдар табылды. Ал оның егесі болса, үй жануарларын жас жігіттен сатып алғанын жеткізді. Сондай-ақ, алынған ақпарат көздері арқылы мал ұрлығын жасады деген күдікпен жас жігіт ұсталды.
«Жау алыстан келмейді» дегендей, сезікті жәбірленушінің туысы болып шықты. Туысының малы қайда болатынын жақсы білетін жас жігіт, өзіне ақша қажет болғандықтан таңғы сағат 05:30 шамасында арқандаулы тұрған малдарды қорадан жетектеп алып кеткен. Содан бірден мал базарға апарып, сатып жіберген. Бүгінде 2 бас өгіз айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қора-жайды мықтап бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсыруды ескертеді. Егер де, Сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.