Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық полиция бөліміне кәсіпкерлікпен айналысатын жергілікті тұрғындар тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәбірленушілердің айтуынша, оларға тиесілі моншадағы дүкенге белгісіз біреу кіріп, киім-кешектер мен азық — түлік заттарын ұрлап кеткен. Жәбірленушінің біріне 541 000 (бес жүз қырық бір мың) теңге, ал екінші адамға 58 000 (елу сегіз мың) теңге, үшіншісіне 6 250 теңге көлемінде шығын келген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Сонымен қатар, хабарлама келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Сондай-ақ, полицейлердің жасаған жедел әрекеттерінің арқасында күдікті ретінде жергілікті тұрғын, яғни орта жастағы ер адам ұсталды.
Анықталғандай, күдікті дүкенге терезені сындырып, дүкен ішінен өзіне қажетті заттарды ұрлап кеткен. Сезіктіден айғақты заттар алынып, иелеріне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті қамауда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлықтың алдын алу мақсатында ғимараттарға, дүкендерге, сондай-ақ, тұрғын үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына куә болсаңыз, жедел түрде полицияға хабар бергеніңіз дұрыс. Ұрлықтың алдын алуға бірге ат салысыңыздар! Ұрлық – түбі қорлық!