Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Жүргізуші куәлігін алып беремін деп алаяқтық  жасаған ер адам ұсталды

Жүргізуші куәлігін алып беремін деп алаяқтық  жасаған ер адам ұсталды

Түркістан облысына қарасты Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шағымданушы ер адамның айтуынша, танысы жүргізуші куәлігін алып беремін деп оны сендірген. Сондай-ақ, күдікті жәбірленушіден 270 000 (екі жүз жетпіс мың) теңге ақша алған. Осы ретте күдікті не жүргізуші куәлігін алып бермей, не ақшасын қайтармай созбалыққа салып жүрген. Аталған жайтқа полиция қызметкерлері тексеріс жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Сонымен қатар, хабарлама келіп түскен бойда аудандық тәртіп сақшылары жедел түрде алаяқтық қылмысын ашу мақсатында қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Осы ретте олар күдіктіні дер кезінде ұстап, сондай-ақ, полиция бөліміне жеткізді. Сезікті жергілікті тұрғын болып шықты. Ол жалған уәде беру арқылы сенімге кірген, сондай-ақ, тұрғыннан алған ақшаны жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы бар-жоғы анықталып жатыр.

Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға сенім артпауға, сондай-ақ, өз мүліктеріңізді өзгеге сеніп бермеуге кеңес береді. Мүліктеріңізді, ақшаны бөтен біреуге беруден алдын, оған сенуге болатынына толықтай көз жеткізіп алғандарыңыз дұрыс болады. Егер де, сіз, алаяқтыққа тап болсаңыз полицияның 102 телефон нөміріне жедел түрде хабарласыңыз. Бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденудің алдын алуға бірге ат салысыңыздар! Алаяқтыққа жол жоқ екендігін ескертеміз!

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*