Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық полиция бөліміне екі ер адамның тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, жайылымдық жерден әрқайсысының құны 400 000 теңге тұратын 2 бас сиырын ұрлап кеткен. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 800 000 теңгені құраған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.
Сонымен қатар, хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел түрде мал ұрлығын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгелдей қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Олардың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде күдікті ер адам дер кезінде ұсталды. Сондай-ақ, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру кезінде күдікті ер адамның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Ол түнгі уақытта жайылымдық жерде жайылып жүрген сиырларға көзі түскен. Осы орайда оңай жолмен олжалы болуды көздейді. Бөтеннің мүлкін ұрлап, оны сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығы көбіне тұрғындардың салғырттығы мен қараусыз қалдыратындығы салдарынан болатындығын айтады. Сондай-ақ келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында жайылымдық жерлерде бақташысыз қалдырмай, үшжақты келісім жасау керектігін еске салады. Мал ұстайтын аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайды болдырмас үшін малдарды құжаттандырып, сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді.
Егер де, сіз, затыңызды жоғалтып алу жағдайына тап болсаңыз полицияның 102 телефон нөміріне жедел түрде хабарласыңыз. Бөтеннің мүлкін жымқыру, ұрлау жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденудің алдын алуға бірге ат салысыңыздар! Ұрлық – түбі қорлық!