Жаз маусымы келісімен суға шомылу кезеңі де басталады. Жыл сайын полиция қызметкерлері қауіпсіздік ережелерімен таныстырса да, адам шығынын болдырмау мүмкін болмай жатады. Салдарынан суға шомылудағы қауіпсіздік ережелерін сақтамағанның кесірінен жыл сайын қаншама адам зардап шегіп келе жатыр.
Осы орайда Түркістан облысына қарасты Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері суға шомылу маусымында жасөспірімдерге арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Яғни, шомылу кезіндегі сақтау керек ережелермен таныстырып, аудандарда орналасқан өзендерде шомылып жүрген балаларға ескертулер жасады. Осы ретте оларға арнайы жабдықталған жағажайларға және ресми құжаты мен құтқару қызметі жұмыс жасайтын орындарға бару керектігі жайлы кеңес берді.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жасөспірімдерге жағажайдан алысқа кетпей, жақын аумақтарда, ата-аналарының қарауымен баруға болатындығын айтты. Балаларға жазғы маусымда суда, өзендерде, сондай-ақ, көлдерде ережені қатаң түрде сақтау керектігі жайлы түсіндірді. Сонымен қатар ескерту жасап, оларға судағы қауіпсіздік бойынша жадынамалар таратты.
Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігіне ата-анасы жауапты екендігін ескерте отырып, келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін оларды қараусыз суға жібермеуге кеңес береді. Суда жүзе алмайтындар үшін, шомылу қашан да қауіпті болады. Сол себепті өзіміздің өмір қауіпсіздігімізді сақтайық! Суға түсер алдында ережелерді оқып, танысып шығыңыз. Сондай-ақ, тиым салынған аймақтарға шомылмай, ескертпелерді ескергендеріңіз жөн!