Түркістан облысы Полиция Департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Сайрам аудандық полиция басқармасының полицейлері бірлесіп, аса ірі мөлшерде есірткі затын сақтаған күдікті ер адамды ұстады, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтар болсақ, полицияға тұрғынның бірі өзімен есірткі алып жүр деген ақпарат келіп түсті. Осы бойынша тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды іске асырды.
Жедел-іздестіру әрекеттерінің нәтижесінде Сайрам ауданының Ақсукент ауылында күдікті мінген «Тойота Камри» маркалы көлік тоқтатылды. Тәртіп сақшылары автокөліктегі күдікке ілінген жолаушыны тінту кезінде, одан полиэтилен пакетке салынған есірткіге ұқсас өсімдік тектес затты тапты. Айғақты зат ретінде алынған өсімдікке сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес алынған зат салмағы 1,2 келіден асатын «марихуана» есірткісі болып шықты. Сонымен қатар күдіктінің шартты түрде жазасын өтеп жүргені және осыған қарамастан қайта заңмен тыйым салынған есірткіге қатысты қылмыс жасағаны белгілі болды.
Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Шымкенттік ер адам қамауға алынды. Бүгінде күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы бар-жоғы анықталуда.
Тәртіп сақшылары азаматтарға салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден бас тартуға кеңес береді. Егер де, сіз, есірткінің заңсыз айналымына байланысты ақпарат білсеңіз, дереу полицияның 102 телефон нөміріне хабарласыңыз. Есірткіге жол жоқ екенін ескертеміз!