Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Полицейлер 1 күнде заңсыз ойын бизнесінің 2 дерегін анықтады

Полицейлер 1 күнде заңсыз ойын бизнесінің 2 дерегін анықтады

Түркістан облысында көлеңкелі бизнестің бір түріне айналған ойын бизнесін кәсіп еткендер, сондай-ақ, құмар ойынға салынғандар қатары көбейген. Бұл заңсыздықтың жолын кесумен полиция қызметкерлері қанша күресіп жатса да, адамдар бизнестерін тоқтатар емес.

Осы тұрғыда Түркістан облысына қарасты Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шағымданушы ауылдардың бірінде заңсыз ойынхана жұмыс жасап жатқанын айтқан.

Хабар келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайға тез арада келді. Олар оқиға орнын қарап, тексеру барысында 2 дана үлкен монитор, алты дана процессор, чек шығаратын аппарат тәркілеп алды. Полиция қызметкерлерінің жедел-әрекеті нәтижесінде ойынхананың иесі Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды.

Одан бөлек, полицейлер дәл осындай заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған тағы да бір жас жігітті ұстады. Мекенжайды тексеру кезінде одан да айғақты зат ретінде 3 дана үлкен монитор, тоғыз дана кіші монитор, сегіз дана процессор, чек шығаратын аппарат және 1 дана интернет модем мен камера тюнер тәркілеп алынды. Осы ретте сараптама тағайындалды. Аталған 2 жайтты полицейлер Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша тіркеді. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар заң алдында жауап беретіндігін қатаң түрде ескертеді. Сондай-ақ мұндай ойын орталықтары қоғам үшін қауіпті екендігін еске салады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*