Жаз мезгілінің алғашқы күнінен бастап-ақ еліміздің барлық өңірінде суға түсу маусымы басталады. Түркістан облысында да бұл маусымда жағажайлардан адам толастамайтыны анық. Осыған орай Жетісай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан көпшілік шоғырланатын жерлерде, жазғы шомылу орындары мен жағажайларда, каналдарда қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, сондай-ақ, ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның басты мақсаты — төтенше жағдайды болдырмау, суға түсуге тыйым салынған аймақтарды қадағалап, азаматтардың өміріне төнер қауіптің алдын алу.
Тәртіп сақшылары аудан тұрғындарына балаларды өз бетінше каналдарға, жағажайларға жібермеу, суға түсу ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ тыйым салынған аймақта шомылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да атап өтті.
Сонымен қатар, Жетісай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері су айдындары бар орындарға патрульдеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады.
Жас балалардың суға шомыла білмеуі, адамдардың суда қауіпсіздік ережелері, шараларын орындамауы орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады. Бұдан бөлек, өзен-көлдердің маңында шомылуға тыйым салынған белгілер болса, шомылмаған абзал. Сондай-ақ, құтқарушысы жоқ, терең, иірімі бар өзен-көлдерге түспеңіздер!
Тәртіп сақшылары тұрғындарға суға түсу маусымында құқық бұзушылық әрекетке бармай, рұқсат етілген су айдындарына баруға және суға шомыларда қауіпсіздік ережесімен толық танысып алуға кеңес береді. Суға тек қана рұқсат етілген орындар мен жағажайларда шомылыңыздар. Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпай, техникалык ескерту белгілерін есте сақтаңыздар! Суға түсер алдында ережелермен танысып шығыңыздар!