Түркістан облысына қарасты Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғынның тарапынан арыз-шағым келіп түсті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағымданушы ер адамның айтуынша, оны түнгі сағат 00:00 шамасында өзінің тұрғын үйінің жанында белгісіз біреулер ұрып, қашып кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық Кодексінің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша тіркеуге алды. Хабарлама келіп түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел түрде бұзақыларды ұстау үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Сонымен қатар, олардың тиянақты жұмыстары мен жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті екі жас жігіт ұсталды. Осы ретте тәртіп сақшылары ұсталған жас жігіттерді полиция басқармасына жеткізді.
Сонымен қатар, тексеру кезінде күдіктілер ағайындылар болып шықты. Анықталғандай, олар жәбірленушінің үйіне жақын тұратын туысының үйіне қонаққа барған. Сыртта отырған сәтте жәбірленуші мен күдіктілер арасында түсініспеушілік орын алып, аяғы жанжалдасуға дейін әкеп соққан. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды, адамдар арасындағы түсініспеушілік кезінде сабыр сақтап, келеңсіз оқиғалардың алдын алуға шақырады. Сонымен қатар, әрбір келеңсіз әрекеттер заң аясында шешілетіндігін үнемі еске салады. Бұзақылық жасау — әлеуметтік ортаға нұқсан келтіретін өрескел қылық, сондай-ақ, ортаны сыйламаушылықтың көрінісі болып саналатынын айта кеткен жөн. Сол себепті өрескел қылықтан,жанжалды ортадан аулақ болыңыздар!