Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық полиция бөліміне тұрғын тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағымданып келген жергілікті тұрғын, яғни әйел қойшысына берген квадроциклды таппай, арыздануға мәжбүр болғанын айтты.
Әйелдің арызын қабылдаған сақшылар, аталған жайт бойынша жедел әрекет етті. Осы орайда тиянақты тексеру мен анықтау жұмыстарын жүргізді. Осылайша полиция қызметкерлері күдікке ілінген қойшының аталған қылмысқа қатысы барын анықтады. Олар қойшыдан жауап алып, оқиға орнын мұқият тінтіп шықты. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 000 теңгеге жуық болды.
Сонымен қатар, қылмысты ашу кезінде полицейлер малын бағуға сеніп тапсырған жәбірленуші әйелдің квадроциклын өз қойшысы жымқырып, сатып, ақшасын жеке басының бас пайдасына жаратып жібергені расталды.
Сондай-ақ, қазіргі таңда қойшы жігіт қамауға алынып, оған қатысты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық барысы тергеу кезінде анықталады.
Осыған байланысты Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға біреуге өз мүлкіңізді сеніп тапсырудан бұрын, оның сенімді адам екендігіне толық көз жеткізулеріңізге кеңес береді. Сонымен қатар өз мүлкін сақтауда қырағы болып, тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауға шақырады. Егерде қандайда бір жымқыру фактісін білген жағдайда жедел түрде полицияның 102 телефон нөміріне хабарласуға шақырамыз. Кез келген ұрлық оқиғасы заң алдында жауапкершілікке тартылатынын қатаң түрде ескертеміз.