Әлеуметтік желіде жүк көлігі өртеніп жатқаны бойынша ақпарат тараған болатын. Желіге үнемі мониторинг жүргізіп отыратын полицейлер, бұл жайтты бірден назарға алды. Нәтижесінде оқыс оқиға Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы көшелерінің бірінде орын алғаны анықталды. Десекте бұл жайт бойынша полицияға ешкім хабарлама түсірмеген, яғни арызданбаған.
Алайда сол аумаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Өрт салдарынан ешқандай адам зардап шекпеді. Ал аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері оқиға болған жерде жұмыс жасап, өртке оранған «Камаз» жүк көлігіне қатысты іс құжаттарын жинақтады. Бұл оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Қазіргі уақытта Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері өрттің алдын алу, болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруда. Шынында қазір шөп тасымалдаудың қызған шағы. Яғни Сайрам ауданы аумағында жайылым мен егістік алқаптарынан шөп тиеген жүк көліктерінің қозғалысы жиілеген. Сонымен қатар ауа райының ыстық кезеңінде өрт қауіпі басым.
Осыған байланысты Сайрам АПБ-ның қызметкерлері жолдарда автокөліктердің жол жүрiсi қағидаларында көзделген жүктердi тасымалдау талаптарының сақталуын, соның ішінде шөп тасымалдау кезінде шамадан тыс артылуын болдырмау мақсатында жүк көліктеріне тексеру жүргізуде. Сайрамдық сақшылар тексерістің алғашқы күні ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлігімен «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушылар мен жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» 6 хаттама толтырып, айыптұраққа 2 автокөлік қойылды.
Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігімен «Құжаттары және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» 2 дерек, 593-бабының 2-бөлігімен «Қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану қағидаларын сақтамау» 7 дерек, 591-бабының 1-бөлігімен «Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы» 2 дерекке қатысты әкімшілік жауапкершілігі қаралды.
Сондықтан жолға шыққанда түрлі жайттарға тап болмас үшін, қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстаныңыздар. Мәселен шамадан тыс жүк артпау қажет. Қандай жағдай болса да, бәріне дайын жүрген дұрыс. Өрт сөндіргіш құрал, дәрі салғыш, қосымша жанармай мен көлік жөндеуге қажетті құралдар көлігіңізде міндетті түрде болуы шарт. Ендеше Жол қозғалысы ережесін сақтаңыздар!