Түркістан облысына қарасты Түлкібас аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын әйелдің тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағымданушы әйел өз арызында баласының велосипедін белгісіз біреудің ашықтан-ашық тартып алғанын көрсеткен. Бұл жайттан хабар түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары шұғыл түрде іздестіру жұмыстарын бастап кетті.
Сонымен қатар, күдіктіні ұстау мақсатында, тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды мұқият аралап шығып, куәлардан жауап алып, тұрғынды тонаған күдіктіні ұстауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды. Полиция қызметкерлерінің тиянақты ірі жеделді жұмыстарының нәтижесінде күдікті ретінде Түлкібас ауданының жұмыссыз тұрғыны дер кезінде ұсталды.
Сондай-ақ, белгілі болғандай, жасөспірім бала түскі уақытта сиырын іздеп шыққан. Осы сәтте бейтаныс біреу оның мінген велосипедін ашықтан-ашық алып қойған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 180 мың теңгені құрайды.
Бүгінде қолды болған жәбірленушінің заттары заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарды сақ болуға шақырады. Беймезгіл уақытта жалғыз сыртта жүрмеу қажеттігін ескертеді. Егер, сіз де, осындай жайттардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз. Өзгенің мүлкін тартып алу заң аясында қаралып, жауапкершілікке тартылатынын қатаң түрде ескертеді.