Түркістан облысына қарасты Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әйел адамның айтуынша, оның алтын бұйымдарын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 500 000 теңгені құрайды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Сонымен қатар, тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жедел-іздестіру шараларын атқарды. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті бұрын сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды.
Анықталғандай, Шымкенттік жас жігіт арыздануш әйелдің ұлының досы болып шыққан. Жігіт досының үйінде қонақ ретінде бірнеше күн болған. Ол өз қылмысын еш алаңдаусыз іске асырып, сырт киімнің қалтасынан алтын бұйымдарды жымқырған. Содан соң Шымкент қаласындағы ломбардқа өткізіп жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өз мүліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Кез келген адамға сенім артпай, тұрғын үйлер мен ғимараттарға, дүкендерге бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер, сіз, ұрлық қылмысына куә болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз. Ұрлық істеу әрекеті заң алдында қаралып, жауапкершілікке тартылатынын қатаң түрде ескертеді. Өзгенің мүлкін жымқыру жақсылыққа апармайтыны анық. Ұрлық – түбі қорлық!