Түркістан облысына қарасты Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арызданушы жас жігіттің айтуынша, өзінің танысы әбден сеніміне кіріп, оның атынан 850 000 теңге ақшалай, сонымен қатар, 1 105 000 теңгеге тауарлы несие рәсімдеп алған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды жедел түрде жүзеге асырды. Полиция қызметкелерінің жедел түрдегі жұмыстарының нәтижесінде хабарлама түскеннен соң, көп уақыт өтпей, сезікті жас жігіт қолға түсті.
Белгілі болғандай, күдікті жігіт жәбірленушінің сыныптасы болып шықты. Сезікті жігіт «сенің банк шотыңа ағам ақша аударады» — деп, оның банк қосымшасын өзінің ұялы телефонына орнатып алған. Банк қосымшасы арқылы несиелер рәсімдеп алып, ақшасын бас пайдасына жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері оңай жолмен олжалы болуды көздейтін алаяқтарға алданбауға шақырады. Сондай-ақ, қандай таныс болса да, күмәнді қызметтермен сенімге кіретіндерден сақ болыңыздар. Өзіңіздің жеке шот нөміріңіз бен төлқұжаттарыңызды бермес бұрын, оның сенімді адам екендігіне көз жеткізіп алуға кеңес береді. Егер сіз, осындай жағдайдың құрбаны немесе куәгері болсаңыз жедел түрде полийияның 102 телефон нөміріне хабарласыңыз. Алаяқтықты анықтауға және алдын алуға ат салысыңыз. Алаяқтыққа жол жоқ.