Түркістан облысына қарасты Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Келес ауданының тұрғыны арызданды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағымданушы әйел адамның айтуынша, оның танысы «Өзбекстан Республикасынан арзан бағада киім алып, Алматы қаласының тұрғындарына сатамыз» — деп, әбден сеніміне кіріп, алдаған.
Сондай-ақ, жәбірленушіден алдын-ала тауарға деп 500 000 теңге ақша алған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Сонымен қатар, хабарлама келіп түскен сәттен бастап тәжірибелі тәртіп сақшылары жедел түрде іздестіру жұмыстарын жүзеге асырды. Осы ретте тәртіп сақшыларының тиянақты әрі жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Сарыағаш ауданының тұрғыны, бұрын сотты болған ер адам ұсталды.
Тексеру кезінде анықталғандай, сезікті ер адам бұған дейін жасаған әрекеттерінен сабақ алмай, алаяқтық қылмысын тағы жасаған. Ол жәбірленушіден алған ақшаны бас пайдасына жаратып жіберген. Бүгінгі таңда полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға ақша берместен бұрын, оның сенімді адам екендігіне толық көз жеткізуге кеңес береді. Сонымен қатар әртүрлі күмәнді қызмет ұсынатын таныс және бейтаныс адамдарға сенім артпау керектігін еске салады. Егер де осындай жағдай орын алған болса дер кезінде полицияның 102 телефон нөміріне хабарласыңыздар. Алаяқтық әрекетіне бару заң алдында қаралып, қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз.