Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Түркістан облысында зейнеткердің банк кәртішкесінен заңсыз ақша алған ер адам  ұсталды

Түркістан облысында зейнеткердің банк кәртішкесінен заңсыз ақша алған ер адам  ұсталды

 

Түркістан облысына қарасты Түлкібас  ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғындардың бірі арызданып келді,  деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Яғни зейнеткер әйелдің айтуынша, ол өзінің банк кәртішкесін жоғалтып алған. Алайда оның ұялы телефонына банк есепшотынан ақша алынғандығы туралы  «SMS» хабарлама келіп түскен. Мұндай жағдай 2 ай бойы қайталанған.

Жәбірленуші дереу полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінді. Келтірілген жалпы шығын көлемі 300 000 теңгеден астам. Полиция қызметкерлері аталған жайтты Қазақстан Республикасы қылмстық кодексінің 188-бабы, яғни «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша  тіркеді.

Сонымен қатар, хабарды алған сәттен бастап түлкібастық тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларына бірден кірісті. Осы құқық бұзушылықты жасаған күдіктіні табуға қажетті жұмыстардың барлығын жүргізді. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы әрекет жасаған полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жәбірленушінің көршісі  болып шықты.

Күдікті ер адам зейнеткер әйелдің жақын көршісі болғандықтан оның банк кәртішкесінің құпия сөзін бұрыннан білетін болып шықты. Ал зейнеткер әйел кәртішкесін жоғалтып алған сәтте, оны көршісі тауып алған. Алайда ол зейнеткерге тиесілі затты қайтарып берудің орнына құпия сөзін білетіндіктен, өзінің арам ойын жүзеге асырған және мұндай қадамға бірнеше рет барған.

Бүгінде полицейлер  күдіктіден айғақты зат ретінде алынған ақша мен банк кәртішкесін толықтай  заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері кез келген адамға сенбеуді, өзіңізге ғана белгілі құпия сандарды ешкімге айтпауды ескертеді. Егер де осындай жағдай орын алған болса дер кезінде полицияның 102 телефон нөміріне хабарласыңыздар. Ұрлық әрекетіне бару заң алдында қаралып, қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*