Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық полиция басқармасына үш бірдей жергілікті тұрғындардың тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағымданушылардың өз арызында, үйіндегі ірі қара малдарын, яғни жылқы, сиырларын белгісіз біреулердің жымқырғандарын жеткізді. Арызда тұрғындарға 1 700 000 теңге шығын келтірілгені көрсетілген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Сонымен қатар, хабар келген сәттен бастап орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында, ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білген куәлардан жауап алды. Сонымен қатар іске белсене кіріскен отырарлық сақшылар, мал сататын орындарды да шолып шықты. Осылайша жүргізілген тиянақты әрі жедел әрекеттің нәтижесінде мал ұрлығына қатысты күдікті ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушілердің ауласына түнгі уақытта кіріп, ұрлап алған малдарын өзінің басқаруындағы автокөлікке салып алып кеткен. Қолды қылған үй жануарларын мал базарға сатып жіберген. Ал ақшаны өзінің бас пайдасының қажеттілігіне жаратқан. Сондай-ақ сезіктінің бұдан басқа мал ұрлығының тағы 2 жайтына қатысы бар екендігі белгілі болды. Қазіргі таңда аталған жайттарға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне қырағылық танытуға және әсіресе түнгі уақытта мүліктің сақталуына шаралар қолдануға кеңес береді.