Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Полицейлер рейдтік шара кезінде көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушіні анықтап, оны қамауға алды

Полицейлер рейдтік шара кезінде көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушіні анықтап, оны қамауға алды

Полиция қызметкерлері — тұрғындардың қауіпсіздігін сақтап, қоғамның тыныштығын күзетуде жүйелі жұмыстар жүргізеді. Осы тұрғыда Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өздерінің аумағында рейдтік шара жүргізді. Шара кезінде полицейлер «Opel Zafira» маркалы автокөліктің жүргізушісі көлікті қисалаңдатып айдап бара жатқанын көріп, жүргізушіге тоқтауды бұйырды.
Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай қаша жөнеледі. Оны тәртіп сақшылары артынан қуып барып, тоқтатады. Тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің мас күйіне күдіктеніп, медициналық сараптама тағайындады. Нәтижесінде оның алкогольді масаң күйде екендігі дәлелденді.
Сонымен қатар ер адамның бұған дейін Қазығұрт аудандық сотының үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Жүргізуші бұған дейін құқық бұзып, көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда ер адам қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал автокөлік айыптұраққа қойылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау және мас күйде рульге отырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ жолдардағы жылдамдықтан асып кетпеу, маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу және басқа да құқық бұзушылықтар жасамау керек. Жүргізушілер, есіңізде болсын, сіздің өміріңіз ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де жол қозғалысы ережелерін сақтауға байланысты.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*