Түркістан облысына қарасты Сайрам аудандық Полиция басқармасына Шымкент қаласының тұрғынының тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арызданушы ер адамның айтуынша, ол өзінің танысына цемент құюға арналған құралдарын сеніп тапсырған. Алайда арызданушы затын алуға барғанда, оның жоқ екендігін білген. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 7 200 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 389-бабы «Өзінше билік ету» бойынша тіркеуге алды.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары хабарлама келіп түскен сәттен бастап күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды дер кезінде жүзеге асырды. Нәтижесінде полицейлер бұл қылмысқа қатысы бар ер адамды ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Ол Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, жәбірленуші мен күдікті құрылыс саласында жұмыс жасап жүрген таныстар. Сезікті сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін, қаражат қажеттілігіне байланысты 5 000 000 теңгеге жуық ақшаға сатқан. Осы орайда түскен қаржыны бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда орта жастағы ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік,Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ұсынады. Сондай-ақ заңға қайшы іс-әрекеттерді жасауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады. Егер, сіз, заңсыз әрекеттердің құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияның 102 телефон нөміріне хабарласыңыз. Сондай-ақ, осындай жағдайлардың алдын алуға ат салысыңыз.