Түркістан облысына қарасты Сауран аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның тарапынан арыз түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағымданушы белгісіз автоұрының құрбаны болғаны туралы арызбен келді. Жәбірленуші ауыл көшелерінің бірінде «Фольксваген Пассат» маркалы көлігінен ұялы телефоны мен магнитофон ұрланғанын хабарлайды. Автокөлік иесіне келтірілген шығын көлемі шамамен 80 мың теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті.
Қылмыс орнына келген Сауран аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобының қызметкерлері автокөлікте қалған іздерді мұқият тексерді, сондай-ақ басқа да жедел іс-шараларды өткізді. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аулаларды аралап, куәлармен сұхбаттасып, бейнебақылау камераларын тексерді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сауран аудандық полиция басқармасының полицейлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Жедел уәкілдер жас жігітті аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай күдікті ұялы телефонды қараусыз қалдырылған көліктің ашық терезесі арқылы ұрлап кеткені анықталды. Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне құнды заттарды көліктерде қалдыруға болмайтынын ескертеді. Сіз абай болуыңыз керек және қысқа уақытқа кетсеңіз де, көліктің терезелері мен есіктерін жабуды ұмытпаңыз.