Ерлік жасау әркімнің қолынан келе бермейді. Дегенмен Түркістан өңірінде өз басын қауіпке тігіп, өзгенің өмірін қорғап қалған азаматтар бар. Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бейбіт күннің батырларын қабылдап, құрмет көрсетті.
— Бүгін біз шын мәнінде нағыз патриот, батыл азаматтармен жүздесіп отырмыз. Сіздер қазіргі жастар үшін үлгісіздер. Олар отаншылдықтың не екенін сіздерден үйренеді.
Жалпы Түркістан облысында патриоттар өте көп. Арыс апаты мен Мақтааралдағы су тасқынында облысымыздың ерікті жастары, патриоттары күндіз-түні елге қызмет етті. Оны ел жақсы біледі. Бұның бәрі өңір тұрғындарының мықтылығын, елге жанашырлығын көрсетеді. Сіздер тұрғындарды өрттен, апаттан құтқарып, ерлік жасадыңыздар. Бейбіт күннің батыры атанып жүрсіздер. Қасиетті байрағымызды оттан алып шыққан бауырымызға да рахмет. Осындай азаматтарды елге танытып, насихаттауымыз керек. Біз сіздермен мақтанамыз, — деді Өмірзақ Шөкеев.
Халық үшін қызмет етіп, ел үшін еңбектенген, осындай құрметке лайық деп танылған азаматтардың ішінде Түркістан Облыстық Полиция Департаменті Жетісай аудандық полиция бөлімі көші-қон бөлімшесінің басшысы полиция капитаны Аян Рысбекұлы Хайруллаев та бар.
Қоғам тынышытығы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін алаңдап жүретін тәртіп сақшысы біршама күндер бұрын алапат жалынға қарамай, өз басын қатерге тігіп, лаулаған өрттің арасынан бейтаныс кейуананың өмірін дін-аман сақтап қалған болатын. Мұндай ерлік кез-келген адамның қолынан келмейтіні белгілі.
Батылдық пен батырлықтың үлгісін көрсеткен Аян Хайруллаевты облыс әкімі «Түркістан облысына сіңірген еңбегі» үшін төсбелгісімен марапаттады.
Қазақстанға берген антына адалдығын танытып, Отан үшін отқа түсуге дайын екенін дәлелдеген қырағы сақшының жасаған ерлік ісі қандай құрметке болса да лайық және әрбір жас маманға үлгі болары анық.
Ендеше облыс әкімінен марапат алған полиция капитанын құттықтай отырып, оның қызметтегі абыройы артып, бұдан да биік белестерді бағындырып, халықтың шынайы алғысына бөленіп жүре беруіне тілектеспіз.