Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын әйелдің тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағымданушының айтуынша, жайылымда жүрген 2 бас сиырын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 550 000 теңгені құраған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары хабарламаны естіген сәттен бастап оқиға орнына бірден жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Тәртіп сақшыларының тиянақты әрі жедел жұмыстарының нәтижесінде қылмысқа күдікті ретінде Қазығұрт ауданының 3 тұрғыны ұсталды. Сезікті үш жігіттің екеуі ағайынды, үшіншісі досы болып келеді.
Белгілі болғандай, олар түнгі уақытта бақташының жоқтығын пайдаланып ұрлық жасаған. Күдіктілер ұрлаған малдарды сатып, түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығы көбіне тұрғындардың салғырттығы мен қараусыз қалдыратындығы салдарынан болатынын айтуда. Мал ұстайтын аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайды болдырмас үшін төрт түлікті құжаттандырып, сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін еске салады. Егер де осындай жағдай орын алған болса дер кезінде полицияның 102 телефон нөміріне хабарласыңыздар. Ұрлық әрекетіне бару заң алдында қаралып, қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз.