Жаз мезгілі келгенде, баршамыздың көзімізге еріксіз суға түсу маусымы елестейді. Яғни, ыстық күнде суға түсіп салқындау дәстүрге айналған, салдарынан жағажайлардан адам толастамайды. Дегенмен өкініштісі сол, жүзу білмейтін не болмаса тыйым салынған аумақтарда суға түсу ережесін сақтамайтын жасөспірімдердің қатысуымен келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері де түсіндіру жұмыстарын күшейтеді.
Мысалы Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталағы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі, сондай-ақ,төтенше жағдайлар бөлімі өкілдерімен бірлесіп, рейдтік-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тиісті мамандардан жиналған топ, аудан аумағында тұрғындарға суға шомылу аймақтарында, көпшілік шоғырланатын жерлерде, жағажайлар мен каналдарда суға батып кету жайттарын болдырмау мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қандай да бір әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, жауапкершілігін қарастырды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364-бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 35 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тұрғындардың барлығына «Ескерту» тәртіптік шарасы көрілді.
Ең құнды байлық – адам өмірі. Сондықтан қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ететін полицейлер үшін, тұрғындардың белгіленбеген орындарда суға шомылуына тыйым салу, суға түсу барысында қауіпсіздік ережелерін сақтаумен қатар, басқа да қауіп-қатерлерден сақтау бағытындағы түсіндіру жұмыстары жалғаса бермек. Және күн тәртібінен түскен емес.