«Жолдағы қауіпсіздік басты орында!» бүгін осы тақырыпта Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен тікелей эфирде сүбелі сұқбат жүргізілді. Іс-шара тізгінін Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарова алды. Спикер ретінде Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бегімхан Ахметов пен Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Данабек Мырзабеков қатысты.
Сұқбат барысында Түркістан облысы полицейлерімен атқарылып жатқан жұмыс нәтижесі баяндалып, профилактикалық әңгіме өрбіді. Жалпы Түркістан облысы аумағындағы республикалық, облыстық маңызы бар және жергілікті автожолдарында, облыс орталығы мен елді мекендердің көшелерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жұмыстар ұдайы түрде жүргізіліп келеді.
Атқарылған жұмыстар мен қабылданған шаралардың нәтижесінде, 2022 жылдың 6 айында жол-көлік оқиғаларының саны 4,7%-ға, қаза болғандар 3,1%-ға төмендеген болса, жарақат алғандардың саны 1,4%-ға өскен. Алғашқы сөзді алған Б.Ахметов: «Түркістан облысы жолдарында жол қозғалысын реттеу шаралары полицейлердің күн тәртібінен түскен емес. Заманауи техникалық құралдар, бейнебақылау камераларымен жабдықтау жұмыстары жолға қойылды.
Мұның өзі жүгенсіз жүргізушілерді анықтауда тәртіп сақшыларына таптырмас көмекші болуда. Сондай-ақ «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар!» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жұмыстар жасалуда. Өздеріңізге белгілі, бізде жол-көлік оқиғаларына және оның ауырлығына тікелей әсер ететін 7 басым бағыт бар, олар бойынша жыл басынан бері 49 000 астам құқық бұзушылықтар анықталды.