Түркістан облысына қарасты Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Жібек жолы» шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық тұрғын өзінің басқаруындағы «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігімен шекарадан өтіп бара жатқан уақытта «Марика» атты иттің белгі беруі арқылы анықталды.
Оқиға бойынша тәртіп сақшылары тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде автокөлік қозғалтқышының астында қоңыр түсті пакетке салынған есірткі затына ұқсас зат табылды.
Полиция қызметкерлері табылған айғақты затты тәркілеп алып, аталған жайтты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 286-бабы 1-бөлігі «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды. Сондай-ақ, сараптама тағайындалды.
Зерттеу қорытындысы шетелдіктен алынған заттың «марихуана» есірткісі екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, сақтау, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатындығын ескертеді. Егер де осындай жағдай орын алған болса дер кезінде полицияның 102 телефон нөміріне хабарласыңыздар. Есірткі тасымалдау немесе қолдану әрекетіне бару заң алдында қаралып, қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз.Сондықтан заңсыз әрекетке бармаңыздар!