Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Түркістан облысының полицейлері ақша  ұрлаған зейнеткерді анықтады  

Түркістан облысының полицейлері ақша  ұрлаған зейнеткерді анықтады  

Түркістан қаласының полиция басқармасына ұрлықтың құрбаны болған жергілікті тұрғынның тарапынан арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жәбірленуші әйелдің айтуынша,оның дүкен сөресінде тұрған сөмкесінен 180 мың теңге ақшасын белгісіз  біреу  ұрлап кеткен. Полиция қызметкерлері аталған жайтты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша  тіркеді.

Тәртіп сақшылары хабар алысымен оқиға орнына жедел жетті. Ұрлық жайты орын алған аймақтың барлығын жіті тексеріп, куәлардан жауап алды. Дүкен ішіндегі бейнебақылау камераларын тексеріп, ақшаны  жасырын ұрлаған күдіктіні байқады. Полицейлер осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтады.

Ол Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Полиция қызметкерлерінің атқарған тыңғылықты жұмыстарының нәтижесінде күдікті зейнеткерді небары тәулік ішінде  ұстады. Айғақты зат ретінде қолды болған ақша тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Белгілі болғандай,  65 жастағы зейнеткер дүкенге мата  алу мақсатында келген. Содан соң айналасында адамдардың жоқтығын пайдаланып, сөмкедегі ақшаны алып кеткен. Полиция қызметкерлері   зейнеткердің бұрын сотты болғанын  анықтады.   Бүгінгі таңда егде жастағы әйел қамауға алынып, оған қатысты  сотқа  дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды көрсетпей, аузы жабық сөмке ішіне салып қойыңыздар деп кеңес береді. Егер де осындай жағдай орын алған болса дер кезінде полицияның 102 телефон нөміріне хабарласыңыздар. Ұрлық әрекетіне бару заң алдында қаралып, қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*