Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде тұрғынның өз ауласына есірткі өсіргендігін анықтады. Аталған жайтты тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп өсіру» бойынша тіркеуге алды.
Полицейлер орта жастағы ер адамның үйіне барып, оның ауласын тінту кезінде егістік алқаптан заңсыз есірткі затына ұқсас өсімдікті тапты. Оны айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жолдады. Нәтижесінде алынған заттың «сора» есірткісі екендігі анықталды. Қазіргі таңда күдікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңсыз есірткі затын өсіру, баптау, тасымалдаумен айналысу заңға қайшы екенін ескертеді.
Операцияны ішкі істер министрлігі жыл сайын 1 маусым мен 30 қазан аралығында жүргізеді. Оның міндеті – Қазақстан аумағындағы есірткінің шикізат базасын жою, есірткіні шетелден жеткізу арналарына тосқауыл қою, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру мен дайындау фактілерінің жолын кесу. Операцияны ұйымдастыруға қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ІІМ және «Ғарыш Сапары» АҚ күштері мен құралдары жұмылдырылған. ІІМ құрамында есірткі заттары бар, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік, сонымен қатар есірткі құралдары мен жабайы өсетін сораның тізбесіне енгізілген өсімдіктерді жоюға шаралар қолданбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Заңсыз егістер мен өсетін жерлер, құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктер анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет.