Келес ауданының жергілікті тұрғыны 14 жасар ұлының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, 2 күннен бері қайта оралмағандығын айтып, Келес АПБ-ға арызданады. Ауыл-аймақ, канал жағаларын қарап, іздестірген жақындары нәтиже шықпаған соң, бар үміттерін сақшыларға артады. Оның үстіне ұлының денсаулығында кінәраты бар екенін жеткізеді.
Жоғалған жасөспірімді іздеуге Келес АПБ-нің барлық тиісті полицейлері жұмылдырылды. Әр полицей өз аумағына қарасты үй-жайларды тексеріп, баланың баруы мүмкін деген орындарды шолып шықты. Бірнеше мобильдік топтар да құрылды. Осылайша полицейлер іздестіру шараларын жоғары деңгейде жүзеге асырды. Нәтижесінде сол күні түскі уақытта бозбала орталық саябақтардың бірінде жүрген жерінен табылды. Мән-жайға қаныққан тәртіп сақшылары, оның 2 күн бойы досының үйінде болғанын анықтады. Сондай-ақ ол өзінің бағып жүрген қойларын сатып жіберген үйіндегілерге ренжіп, кетіп қалғанын жеткізді. Бүгінгі таңда ол дін-аман отбасымен қауышты. Ұлының аман-есен табылғанына қуанған анасы полицейлерге ыстық ықыласын білдіріп, алғысын жаудырды.
Егерде жақындарыңыз бен балаларыңыздан көз жазып қалсаңыздар, уақыт жоғалтпай тез арада полицияға хабарласыңыздар. Сонымен қатар әрбір ата-ана өз баласына мұқият болып, қараусыз қалдырмау керектігін ескертеміз. Сондықтан үнемі балаларға жоғалудың қаупі жайлы ұғындырып отыру қажет.
Осы жағдайға ұқсас жағдай Түркістан қаласы полиция басқармасына күндізгі сағат 10:30 шамасында жергілікті тұрғын әйел 102 сымтетігі арқылы хабарласқан.
Оның айтуынша 10 жасар баласы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Сондай-ақ анасының өз баласын іздеп жүргеніне 3 тәулік болған. Алайда еш нәтиже шықпаған соң, полицейлердің көмегіне жүгінген.
Түркістан қаласы полиция басқармасының қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Сондай-ақ, жоғалған баланы табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Қала көшелерін тексеріп, көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде полицейлер тәулік ішінде баланы Түркістан қаласында досымен бірге жүрген жерінен тапты, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.