Жол бойында орын алатын түрлі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізуде.
Рейд кезінде заңсыз құжатсыз жүрген 8 автокөлік айыптұраққа қойылып, 87 автокөлікке әкімшілік кодекстің тиісті баптары бойынша хаттамалар түзілді. Атап айтар болсақ, көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша – 35, көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефонды не радиостанцияны пайдалануымен – 6, жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін 36, маневр қағидаларын бұзу бойынша 10 хаттама толтырылды.
Мәселен, «Ваз 21144» маркалы автокөліктің жүргізушісіне қосымша жарықшам орнатқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» бойынша хаттама толтырылды.
Сайрам аудандық Полиция басқармасының полицейлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш тәулігінде 245 (екі жүз қырық бес) әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 615-бабы «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша 21 жайт, ал 606-бабы «Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы» бойынша 2 жайт, сондай-ақ, 600-бап «Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу» бойынша 2 жайт, ал 591-баппен « Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы» 9 құқық бұзушылық тіркеді. Сонымен қатар, оларға қатысты хаттама толтырды.
Сондай-ақ, жедел-профилактикалық шараның 3 күнінде жол ережесін бұзған 66 көлік анықталды. Ресей Федерациясының 1 автокөлігі айыптұраққа қойылды.
Сонымен қатар аудан бойынша жыл басынан бері 1000-нан астам Ресей Федерациясынан әкелінген автокөліктерге қатысты түрлі баптармен жауапкершіліктері қаралған. Оның ішінде 200-ден астамы айыптұраққа қойылған, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.