Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады.
Нақтырақ айтсақ, Криминалдық полиция басқармасына Келес ауданының тұрғыны шағымданып, басшысының үстінен арыз түсірді. Яғни арызда көрсетілгендей, мекемедегі бөлім басшысы қызметтік жағдайын пайдалана отырып, оның жұмыста қалу мүмкіндігі үшін үлкен көлемде ақша талап еткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
Орын алған қылмысты ашу мақсатында криминалдық полиция басқармасы, жедел қимылдайтын арнайы жасақ пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, күдіктіні ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізді. Жүйелі, жоспарға сай атқарылған жұмыс нәтижесінде жедел уәкілдер Келес ауданы Абай кенті көшелерінің бірінде күдіктіні қылмыс үстінде ұстады.
Яғни күдікті жәбірленушіден (басшы қызметкерінен) миллион теңге алған кезде қолға түсті. Тінту кезінде полицейлер ұсталған тұрғыннан заттай дәлел ретінде ақша тәркіледі.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оған танысы «Алматы қаласындағы кедендік бақылауда тұрған бағалы заттарын алып беремін» — деп, сеніміне кіріп, 1 500 000 теңге ақшасын алған. Алайда, ер адам берген уәдесінде тұрмай, не ақшасын қайтармай қойған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жедел-іздестіру шарасын жүргізіп, осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтады. Сезікті жергілікті тұрғын болып шықты. Оның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ешқандай қатысы жоқ және жұмыссыз екені де расталды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.